Жаңалықтар

19 желтоқсан 2008
«Бурабай» курорттық аймағында Қазақстан Республикасының, Армения Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасы президенттерінің бейресми саммиті басталды.

Саммит басталғанға дейін Нұрсұлтан Назарбаев Серж Саргсянмен, Құрманбек Бакиевпен және Эмомали Рахмонмен жеке кездесулер өткізді.


Н.Ә.Назарбаев пен Д.А.Медведевтің екіжақты кездесуі аясында Қазақстан мен Ресейдің 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданған Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.


Іс-қимыл жоспары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі дәйекті дамытуға бағытталған. Ол қысқа кезеңге арналған бірлескен іс-қимылды одан әрі жүзеге асыруды көздейді және Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының барлық спектрін - саяси және экономикалық салаларды, отын-энергетикалық кешенді, ғарыш кеңістігін игеруді, көлік және коммуникациялық, өңіраралық, шекара бойы және көші-қон ынтымақтастығын, әскери-техникалық саланы, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюды, ғылыми және гуманитарлық салаларды қамтитын 40 нақты шаралардан тұрады.


Кездесудің алғашқы күні мемлекет басшылары ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және ТМД секілді ұйымдар аясында өңірлік ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысынан туындаған проблемаларды, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің құрылымын жетілдіру шараларын талқылады.


Кездесуге қатысушылар бейресми жағдайда одан арғы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін осындай кездесулердің маңызын атап өтті.


Саммит өз жұмысын ертең жалғастыратын болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар