Жаңалықтар

23 желтоқсан 2008
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бизнестегі әлеуметтік жауапкершілік бойынша «Парыз» конкурсының алғашқы лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты.
big-01.jpg

Салтанатты рәсімге жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бизнес халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді атсалысуы және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс екенін атап өтті. Онсыз жақсы еңбек көрсеткіштеріне де, тұрақты дамитын өндіріс көлеміне де қол жеткізу мүмкін емес.


Н.Назарбаев биылғы жылы жалпы сомасы 60 млрд. теңгеге жуық әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытында шамамен 4 мың меморандум қабылданғанын атап өтті. Ауылдық жерлерде негізінен жеке кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынған көптеген жобалар жүзеге асырылуда.


- Мемлекеттік және бизнес құрылымдары жүзеге асырып жатқан әлеуметтік бағдарламалар әлемдік қаржы дағдарысының біздің экономикамызға кері әсерін тигізіп отырған бүгінгі күні айрықша маңызды, - деді Н.Назарбаев.


Қазақстан халықты жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті кеңейту саясатын жүргізуге бағытталған жобаларды көптеп енгізуі қажет. Мемлекет бұл бастамалардың барлығына белсенді қолдау көрсетеді.


Президент конкурстың Бас жүлдесін осы жылдың қорытындысы бойынша «Әлеуметтік жауапкершілік көшбасшысы» атанған «Қазақмыс» корпорациясына табыс етті. Корпорация 150-ден астам ірі әлеуметтік сала нысандарының қызметін қаржыландырып отыр. Тек 2008 жылдың өзінде «Қазақмыс» әлеуметтік мәселелерді шешуге 92 миллион доллар қаржы бөлген.


Тағы 27 кәсіпорын «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы», «Үздік ұжымдық келісім-шарт», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. Әр номинация шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі сияқты үш категория бойынша бағаланған.


Мемлекет басшысы жыл сайынғы «Парыз» конкурсын 2008 жылдың қаңтарында Жезқазған қаласында өткен Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі форумында тағайындаған болатын. Конкурсқа қатысуға 296 кәсіпорын ниет білдірген.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар